Мысыр пирамидаларының қазыналары Астанадағы көрмеге қойылды
Көрме көне Мысыр тарихының және оның Ескендір Зұлқарнайын жаулап алғаннан кейінгі дәуірімен байланысты 20-дан астам экспонаттан тұрады. Олардың барлығы доктор Захи Хавасстың арнайы археологиялық зертханасында дайындалған. Ұйымдастырушылардың айтуынша, тарихта бірінші рет жасалған жәдігерлер көшірмесі әлемнің ешбір елінде жоқ.
«Мысыр пирамидаларының қазыналары» көрмесі Астанадағы «пирамидаға» сыйға тартылып отыр. Бұның алдында, 2010 жылдың тамыз айында ежелгі Мысыр елінің патшайымы, аты аңызға айналған әйгілі Нефертити бюстінің көшірмесі әкелінген болатын. Көрмеде Ежелгі Мысыр перғауындары Хефрен Тутанхамон, құнарлық, су және жел құдайы Изида, табиғаттың жаратушы күштерінің, о дүниелік өмірдің алдияры, аруақтар патшалығының биі Осирис, мысырлық аңыздардағы ең көне құдайлардың бірі Гор, Ескендір Зұлқарнайын мүсіндері, сонымен қатар Медумадағы жазбалардың бір бөлігі «Гуси» фрескасының көшірмесі қойылған.
«Қазақстан мен Мысырдың тарихи байланысы өте ежелден келе жатыр. Мысырлықтар Бейбарыстың Мысыр мәдениетін және өркениетін құрудағы орнын, мемлекетке қосқан үлесін ешқашан естен шығармайды. Екі мемлекет арасындағы бүгінгі байланыстар сол тарихи байланыстың жалғасы болып есептеледі. Ал осынау көрме - біздің Үкіметтің Қазақстан халқына тартуы»,-деді Қазастан Республикасындағы Мысырдың Төтенше және Өкілетті Елшісі Абдалла Омар Альарности шараның ашылуында.
Елші Абдалла Омар Альарностидің айтуынша, Қазақстандағы барлық шет мемлекеттердің елшіліктері, дипломатиялық миссиялары өздерінің мәдениеттерін, елдерін танытатын осындай тарихи жәдігерлерді Астанадағы «пирамидаға» сыйға тартып отыруы тиіс. «Олай болған жағдайда «Қазақстан пиармидасы» әлемге қызмет ететін, бүкіл халықтардың өркениеті мен мәдениетін топтастыратын бейбітшілік және келісім сарайына айналады»,-деп атап көрсетті ол.