Мысыр Президентінің ұлықтау рәсіміне орай Каирде күшейтілген қауіпсіздік шаралары енгізілді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Каирде Мысыр Президенті Абдель Фаттах ас-Сисиді ұлықтау рәсімі өтеді.

Шетелдік БАҚ-тың жазуынша, ол Жоғарғы конституциялық сотта 12 өкілетті сот кеңесшілерінің және барша әлемнен келген қонақтардың алдында өз еліне адал қызмет етуге ант беретін болады. Осы елдің мемлекеттік телеарнасы ұлықтау рәсімін тікелей эфир арқылы көрсетеді. Осыдан кейін президенттік кортеж қаланың басқа бөлігіне қарай бағыт алады, яғни Гелиополистегі президенттік «Әл-Иттихадия» президенттік сарайында ресми түрде мемлекет басшысы атанған Абдель Фаттах ас-Сиси корольдерді, әмірлерді, президенттерді, сондай-ақ үкімет басшыларын және жоғары лауазымды тұлғаларды қабылдайды. ВВС-дің жазуынша, осыған орай Каирде күшейтілген қауіпсіздік шаралары енгізіліп отыр. Естеріңізге сала кетейік, өткен айда Абдель Фаттах ас-Сиси 96,9 пайыз дауыс жинап, сайлауда жеңіске жеткен болатын.