Мысырда 21 адам өлім жазасына кесілді

АСТАНА. 26 қаңтар. ҚазАқпарат - Мысыр соты Порт-Саид футбол алаңында болған сойқанға айыпты деп танылған 21 адамды өлім жазасына кесті, деп хабарлайды 24.kz.

Оларға қатысты құжаттарды енді елдің Жоғарғы діни басшысы қарайды. Ал айыптылардың жақындары сот үкімінен кейін тұтқындардың түрмесіне басып кірмекке әрекеттенген.

Естеріңізге салайық, Порт-Саид алаңындағы қырғын былтыр ақпан айында болған еді. Бұл жерде жергілікті «Әл-Масри» мен каирлік «Әл-Ахли» футбол командаларының ойыны кезінде олардың жанкүйерлері арасында жаппай төбелес болып, 74 адам қаза болып, тағы жүздеген көрермен жарақаттанған. Жалпы аталған іс бойынша 73 адамның ісі қарастырылған еді. Олардың ішінде тәртіп сақшылары да бар. Ал қалған айыптыларға қатысты үкім 9 наурызда белгілі болады.