Мысырда құс тұмауының жаңа ошағы тіркелді

КАИР. Наурыздың 19-ы. ҚазАқпарат – Мысырда адамның құс тұмауын жұқтыруының кезекті, 59-шы оқиғасы тіркелді.

Бұл туралы Мысырдың Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Абдель Рахман Шахин сәрсенбі күні кешке хабарлады. Адам үшін қауіпті H5N1 вирусының штамы бұл жолы Каирдің оңтүстігіне қарай орналасқан Асьют провинциясының 38 жастағы әйел тұрғынынан анықталып отыр. Сенбі күні ауруханаға жоғары дене қызуымен және қатты жөтелмен түскен әйелдің ауруына, бұған дейінгі оқиғалардағыдай үй құсы себеп болған. Құс тұмауының бұған дейінгі оқиғасы наурыздың 11-інде Минуфия провинциясында тіркелген болатын.Құс тұмауы Мысырда алғаш рет 2006 жылы пайда болды. Содан бері елде адамдардың құс тұмауын жұқтыруының 59 оқиғасы тіркеліп, олардың 26-сы қайтыс болды.