Мысырда ресейлік төрт дайвер жоғалып кетті

АСТАНА.  Тамыздың 18-і.  ҚазАқпарат -   Мысырда   Марса Алам курорттық қаласына  жақын   жерде Қызыл теңізге аквалангпен сүңгумен  айналысып жүрген     ресейлік  төрт турист  жоғалып кетті.


Хургада  төңірегінде  дайвинг  бойынша  қызмет көрсететін туристік агенттік өкілінің айтуынша,  жоғалған туристер   6 адамнан жасақталған    топтың  құрамында   болған. Бірнеше   кеменің және тікұшақтың  көмегімен    6 сағат  бойы іздестіріліп, табылмаған соң ғана,   ресейлік  туристердің  жоғалғаны     жария   етілді, деп хабарлайды Associated Press.

 Дүйсенбі күні   қараңғы түскен  соң    ресейлік  дайверлерді іздестіру  жұмыстары уақытша  тоқтатылған болатын. Іздестіру  шаралары  бүгін таңертең  қайта  жанданды.    Ресейлік  туристерді  іздеуге     Мысыр   өкіметінің     қосылғаны   хабарланып отыр.

 Бұл ресейлік  дайверлердің Марса Алам   ауданында  бірінші  жоғалуы емес.  2007 жылы    осы аймақта екі  дайвер жоғалып  кеткен болатын,  олардың  денесі  әлі күнге  дейін табылған жоқ.