Мысырдағы қазақстандық азаматтар Төтенше жағдайлар министрлігінің ұшағымен көшіріледі

АСТАНА. 1 ақпан. ҚазАқпарат - Мысыр Араб Республикасында қалыптасқан жағдайға байланысты, Президент Нұрсұлтан Назарбаев сол елде қалып қойған қазақстандық азаматтарға көмек көрсету туралы тапсырма берді.

Сыртқы істер министрлігінің өтініші бойынша Төтенше жағдайлар министрлігі 1 ақпан күні сағат 05.13 минутта Алматыдан Каирге Ту-154М әуе лайнерін жөнелтті. Әуе лайнері Мысырда қалып қойған қазақстандық азаматтарын алып шықпақ.

Ұшақ бортында білікті дәрігерлер - Апат медицинасы орталығының қызметкерлері мен Төтенше жағдайлар министрлігі республикалық жедел-құтқару отрядының құтқарушылары бар.

Ұшақ бүгін сағат 11.13-те Каирге қонды, ол жақтан 130 қазақстандық азаматты көшіру жоспарлануда. Төтенше жағдайлар министрлігі Сыртқы істер министрлігінің өтініші бойынша, қажет болған жағдайда Қазақстан азаматтарын көшіру үшін тағы бір рейс жасауды жоспарлап отыр.