Мысырдағы президенттік сайлауда жеңіске жеткен Мохаммед Мурси «Мұсылман бауырлар» қатарынан шықты

АСТАНА. 25 маусым. ҚазАқпарат - Хосни Мүбәрак «тағынан» түсірілгеннен кейін бірінші рет өткен президенттік сайлауда жеңіске жеткен Мохаммед Мурси, дауыс берудің соңғы қорытындылары жарияланған соң «Мұсылман бауырлар» исламдық қозғалысының қатарынан және оның саяси қанаты - Бостандық және әділеттік партиясынан шықты, деп хабарлады РосБизнесКонсалтинг.

Халыққа теледидар арқылы үндеуінде М.Мурси «барлық мысырлықтардың президенті» болатынына уәде берді, деп хабарлады «Бостандық» радиосынан. Сайланған мемлекет басшысы сондай-ақ, Мысыр барлық халықаралық келісімдерді қатаң ұстанатын болатындығын мәлімдеді.

Бұдан басқа, М.Мурси барлық талаптар қанағаттандырылмайынша, революция аяқталмайтындығын айтты.

Мысыр ОСК-нің мәліметтерінше, Мысыр президенті сайлауының екінші кезеңінде М.Мурси 51,7 пайыз дауыс, ал оның қарсыласы, бұрынғы премьер-министр Ахмет Шафик 48,3 пайыз дауыс жинады.

Х.Мүбәрак кезінде «Мұсылман бауырлар» қозғалысының қызметіне тыйым салынды, ал оның жүздеген белсенділері түрмеде отырды. Аталмыш исламдық қозғалыс Мысырдағы «араб көктемін» негізгі ұйымдастырушылардың қатарында болды деп есептелді. Ресейде ол экстремистік лаңкестік ұйым деп танылды.