Бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысында сенатор Орынбай Рахманбердиев осы мәселені көтеріп, Үкімет басшысының атына сауал жолдады. Онда депутат баба мұрасын жаңғырту үшін Қазақстан тарапы кесененің жөндеу жұмысын өзі толық көтеріп алса деген тілегін білдірді.
2005 жылы Мемлекет басшысы Н. Назарбаев Бейбарыс сұлтан бабамыздың Мысыр астанасы Каир қаласында осыдан 7 ғасыр бұрын салып кеткен мешіт-медресесін күрделі жөндеуден өткізуді Үкіметке тапсырған болатын. Соның нәтижесінде Қазақстан мен Мысыр мемлекетінің мамандары күрделі жөндеу жұмыстары үшін жобалық-сметалық құжаттарын дайындап, бұған жалпы көлемі 12 млн. доллар қаражат бөлу белгіленген. Бұл қаражатты екі мемлекет бірлесіп төлеуге уағдаласқан. Содан бері ғимарат үшін қауіпті мәселе - жерасты суы болғандықтан, одан қорғалатын жаңа жүйелер, мешіт қабырғаларын қайта қалпына келтіру, мәрмәрдан жасалған бағаналарды тұрғызу секілді жұмыстары атқарылыпты. Қазақстан бұған республикалық бюджеттен 4,5 млн. доллар қаражат бөліп, бұл қаражат толығымен игерілген.
«Алайда, соңғы уақытта Мысырдағы саяси жағдайларға байланысты ол елден қаражат бөлу мәселесі шешілмей қалды. Сондықтан да жөндеу жұмыстары тоқтап, ендігі күні кесененің аяқталмай қалу қаупі туындайды. Бабаларымыздан қалған «өлі разы болмай, тірі байымас» деген нақыл бар. Көнеден жеткен, араб әлемінің мақтанышына айналған, қазақ даласының перзенті баһадүр бабамыз салдырған мешіт-медресені одан әрі жаңғырту жұмыстарына қаражат бөліп, оны толығымен аяқтап, іргелі ел екенімізді бүкіл араб елі мен барша әлемге паш етуіміз керек», - деді сенатор О. Рахманбердиев.
«Қыпшақ даласында дүниеге келіп, араб елдерінің басын қосып, қуатты мемлекет құрған Әз-Захир Бейбарыс Сұлтанның өмірі біздің рухани әлемімізді оятатыны ақиқат. Бейбарыс бабамыз крест жорықшылары мен Шыңғысханның жойқын әскеріне тойтарыс берген бірден бір тарихи тұлға екенін әлем мойындайды. Бейбіт өмір кезінде де Сұлтан Бейбарыс мәдениетке, сәулет өнерін дамытуға ерекше мән берген. Соның бірі Мысыр астанасы Каир қаласындағы 7 ғасыр бұрын салынған мешіт-медресені айтуға болады», - дейді сенатор.