Мысырдан арнайы екі рейспен 206 адам шығарылды - Сыртқы істер министрлігі

АСТАНА. 3 ақпан. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі мен Төтенше жағдайлар министрлігінің біріккен іс-шараларының арқасында 1-2 ақпан күндері Мысырда қалып қойған қазақстандықтардың басым бөлігі елге жеткізілді.

«Каир-Алматы» бағыты бойынша арнайы екі рейспен 206 адам шығарылды. Олардың ішінде Тәжікстанның үш азаматы бар, деп хабарлады сыртқы саясат ведомствосының баспасөз қызметінен.

Қазақстанның Мысырдағы Елшілігінің қызметкерлері отандастармен байланыс орнату, елден кетушілердің тізімін жасау, арнайы рейстердің кетуі мен келуін үйлестіру, төлқұжаттық тексеруден өткізу мен ұшаққа отырғызу секілді маңызды жұмыстарды атқаруда. Елшіліктің барлық дипломатиялық құрамы мен бірқатар техникалық қызметкерлері (барлығы 12 адам) Каир қаласындағы өз жұмыс орындарында, олар белгілі бір себептермен Мысырда қалған азаматтарымызды елге қайтару жұмыстарымен айналысуда. Қажеттілік туған жағдайда, Қазақстан жағы тиісті көмек көрсету үшін достас мемлекеттермен байланыста болады.

Мысырда қалыптасқан ахуалды ескере отырып Сыртқы істер министрлігі қазақстандықтарға жағдай реттелгенге дейін ол елге барудан бас тарта тұру жөніндегі кеңесін 14 ақпанға дейін ұзартып отыр.