Мюнхен филармониясының концерті израильдік дирижердің қатысуына байланысты тоқтатылды

Фото: DW

АСТАНА. KAZINFORM — Бельгияның Гент қаласындағы Flanders Festival музыкалық фестивалінің ұйымдастырушылары Мюнхен филармониялық оркестрінің концертін тоқтату туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды DW.

Олар бұл шешімді оркестрдің болашақ бас дирижері, израильдік пианист Лахав Шанидің қатысуымен түсіндірді.

Фестиваль ұйымдастырушылары Шани бірнеше рет бейбітшілік пен келісім туралы сөз қозғағанына қарамастан, ол Израиль филармониялық оркестрінің бас дирижері болғандықтан, Тель-Авивтегі геноцидтік режимге қатысты өз ұстанымын айқын білдіре алмайтынын атап көрсетті.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, олар «мәдениет министрінің, Гент қалалық кеңесінің және қаланың мәдениет саласы өкілдерінің үндеулеріне жауап ретінде» бұл шешімді қабылдап, фестивальдегі тыныштықты сақтау және көрермендер мен музыканттардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге тырысқан. Олар нақты қауіп-қатерлер болған-болмағанын атап көрсетпеді.

Германия Федеративтік Республикасының мәдениет және БАҚ жөніндегі мемлекеттік министрі Вольфрам Ваймер фестиваль ұйымдастырушыларының шешімін «таза антисемитизм» және «Еуропа үшін ұят» деп бағалады.

— Біздің хабарламамыз айқын: біз өз оркестрлерімізді немесе еврей өнерпаздарын шеттетуге жол бермейміз, — деді мемлекеттік министр.

36 жастағы израильдік пианист Лахав Шани Мюнхен филармониялық оркестрдің бас дирижері ретінде 2026 жылдың қыркүйегінде ғана қызметке кіріседі. Ол осы уақытқа дейін Роттердам филармониялық оркестрінде келісімшартпен жұмыс істейді. Гент қаласында тоқтатылған концерт осы жылдың қыркүйегінде өтуі тиіс еді.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Израиль Парламенті әскери шығындарға қосымша 31 млрд шекел (9 млрд доллардан астам) бөлу туралы заң жобасын мақұлдады.