Мюнхенде адамдарға оқ атқанның кім екені анықталды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Мюнхен полициясының басшысы Губерт Андре тергеудің алғашқы ақпараттарымен бөлісті, деп хабарлады Би-Би-Си агенттігі.

Мюнхен полициясы қала орталығындағы сауда үйлерінің бірінде адамдарға оқ атқан 18 жастағы тегі ирандық Германия азаматы екенін хабарлады. 

Губерт Андренің айтуынша, ол Германия азаматы және Мюнхенде бірнеше жыл тұрған.
 
Полиция өкілі күдіктінің өзі жалғыз қылмыс жасағанын және бұрын-соңды істі болмағанын айтты.

Қарулы шабуыл жасаған адамды іздеу барысында полицейлер оның мүрдесін тапты. Оны полиция өлтірді ме, әлде өзіне қол жұмсады ма, әзірге белгісіз.

Еске сала кетейік, 22 шілде күні кешкі уақытта Мюнхендегі «Олимпия» сауда үйі маңында белгісіз біреу оқ жаудырып, тоғыз адам қаза тапты. Үш адамның шабуыл жасағаны туралы да ақпарат бар.

Биліктің мәліметі бойынша, 20 адам жарақат алған, оның үшеуі ауыр халде жатыр.