Мюнхенде арнайы операцияға байланысты көлік қозғалысы тоқтатылды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Мюнхенде қаладағы полицейлік арнайы операцияға байланысты көлік қозғалысы түгелдей тоқтатылды, деп хабарлады MVG Muenchner Verkehrsgesellschaft mbH көлік компаниясының Facebook-аккаунты.

«Жолаушылардың есіне: метро, автобустар және трамвайлар қатынасы полицияның нұсқауымен толықтай тоқтатылды», - делінген хабарламада.

Мюнхеннің басты вокзалынан қала орталығындағы атыстан кейін адамдар көшірілді, деп хабарлады немістің ARD телеарнасы теміржол басқармасының мәлімдемесіне сілтеме жасап.

Алдын ала болжам бойынша, қаруланған үш қылмыскер Мюнхеннің әр жерінде, соның ішінде ірі сауда орталығында оқ жаудырған. БАҚ мәліметтері бойынша, бірнеше адам мерт болған, жараланғандар бар. Кейіннен Карлсплатц алаңында да оқ атылды, деп жазады РИА Новости.

 «Көшіру (вокзалда) полицейлік арнайы операцияға байланысты жүргізілді», - делінген хабарламада.

Полиция тұрғындарды ашық алаңдардан аулақ болуға және интернетке оқиға болған жерден бейнежазба және фотосуреттер салмауға шақырды,

Әртүрлі дереккөздердің хабарламалары бойынша, құрбандар саны үштен 15 адамға дейін көрсетілген. Зардап шеккендердің саны айтылмаған. Ақпараттың ресми қуатталуы әзірге түскен жоқ.