М.Жәкішевтің алауда жанып жатқан газ мөлшері туралы мәліметі шындыққа сай емес – Энергетика министрі
АСТАНА. KAZINFORM – Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық компаниясының бұрынғы басшысы Мұхтар Жәкішевтің Қашаған, Қарашығанақ, Теңіз кеніштеріндегі мұнаймен ілесіп шығатын 8-9 млрд текше метр газ алау ретінде жанып кетіп жатқаны туралы мәліметті теріске шығарды.
«Қазатомөнеркәсіп» ұлттық компаниясының бұрынғы басшысы Мұхтар Жәкішев АЭС-тің орнына газ генерациясын салуды ұсынды. Ол ұсынысқа не айтасыз?Оның айтуныша жыл сайын елімізде 8-9 млрд текше метр газ ауада жанып кетіп жатыр. Бұл рас па?» - деп сұрады журналист.
Министр бұл ұсыныс ескеруге жарамсыз деп есептейтінін айтты.
«Оның газ генерациясын пайдалану туралы ұсынысы біздің контекстен түсіп қалады. Өйткені ол жария еткен цифрлар, 8-9 млрд текше метр газ кеніш алауларында жанып кетіп жатыр дегені шындыққа сай келмейді. Яғни, біз іс жүзінде ең көп дегенде 340 млн текше метр газ жағамыз. Бұл бүкіл газдың бір пайызынан аз. Мұнша газ генерация көзі бола алмайды. Бізде газ генерациясын дамытудың жүйелі жоспары бар. Ол туралы бұған дейін де айтып жүрмін», - деді Алмасадам Сәтқалиев.