МЖЗҚ базасында бірыңғай зейнетақы қорын 1 шілдеге дейін құруға болады - О. Жандосов

АСТАНА. 7 ақпан. ҚазАқпарат - МЖЗҚ базасында бірыңғай зейнетақы қорын 1 шілдеге дейін құру қолжетімді нәрсе.

Бұл туралы бүгін «Атамекен Форум» пікірталас клубының отырысында журналистерге берген сұхбатында «Ракурс» экономикалық талдау орталығының директоры Ораз Жандосов айтты.

«МЖЗҚ базасында бірыңғай зейнетақы қорын құруды өз басым дұрыс шешім деп ойлаймын. МЖЗҚ нарықтың негізгі бөлігін қамтып отырған және жүз пайыз мемлекеттік қор болғандықтан, соның негізінде жаңа бірыңғай зейнетақы қорын құру техникалық жағынан өте дұрыс болады», - деді ол.

Оның ойынша, 1 шілдеге дейін МЖЗҚ базасында бірыңғай зейнетақы қорын құру онша қиынға түспейді, «өйткені зейнетақымен қамтамасыз ету туралы заңға көп өзгеріс енгізудің қажеті шамалы». «Соңғы 15 жылда Қазақстандағы зейнетақы қорлары біздің ақшамызды тиімді басқара алатындықтарын дәлелдей алмады. Олардың жіберген ең үлкен қателігі - 2005-2007 жылдары несие алудың шарықтаған кезінде қыруар ақшаны күдікті компаниялардың облигациялары мен акцияларына салып жіберуі, соның кесірінен дефолт орын алды», - деді О. Жандосов.

Оның пікірінше, қорларды бір арнаға тоғыстыру зейнетақы салымдарын жинау жағынан алып қарағанда, Қазақстанның зейнетақы жүйесіндегі мәселенің бір бөлігі ғана. «Мұндағы маңызды жайт, зейнетке шыққан адамдардың алатын зейнетақылары қандай жерде жұмыс жасағанына қарамастан шамамен алғанда бір деңгейлес болып келуі тиіс», - деген ойын білдірді ол.