Н. Әбіқаев ҰҚК Шекара қызметінің екі әскери қызметшісіне мемлекеттік наградаларды тапсырды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы бойынша ҰҚК Шекара қызметінің екі әскери қызметшісі мемлекеттік наградалармен марапатталды.

Елбасы атынан Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Нұртай Әбіқаев ІІІ дәрежелі «Айбын» орденін Қостанай шекара отрядына қарасты «Қайрақ» (автомобильдік) бақылау-өткізу бекетінің бақылаушысы сержант Александр Боргертке, ал «Жауынгерлiк epлiгi үшiн» медалін Жаркент шекара отрядының командирі полковник Қанат Даишевқа тапсырды.

Сержант А. Боргерт өткен жылдың қыркүйек айында «Қайрақ» (автомобильдік) бақылау-өткізу бекетіндегі қызметі барысында мемлекеттік шекара арқылы 32 келіден астам «героин» есірткісін алып өтпек болғандарды анықтады.

Ал полковник Қ. Даишев болса өзіне сеніп тапсырылған бөлімшенің қызметін жоғары деңгейде ұйымдастырып, шеберлікпен басқара білгені үшін марапатталып отыр. Соның нәтижесінде оның басшылығы кезінде көптеген мемлекеттік шекара бұзушылар ұсталды. Соның бір дәлелі ретінде, былтырғы жылы өз елінде адам тонау және алаяқтығы үшін іздеуде жүрген Франция азаматын ұстағандығын атап өткен орынды.

Ведомство басшысы марапатталғандарды жеке құрам атынан құттықтай отырып, оларға алдағы кезде де қызметтеріне табыс тіледі, деп хабарлайды ҚР ҰҚК Шекара қызметінің баспасөз қызметі.