Н. Мандела өмірінің 67 жылын бейбітшілік, гуманизм және адам құқығы үшін күреске арнаған

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін - Халықаралық Нельсон Мандела күні.

БҰҰ Бас Ассамблеясы Оңтүстік Африка Республикасының бұрынғы Президентінің бейбітшілік пен бостандық және адам құқығы істеріне қосқан үлесін жоғары бағалап, 2009 жылы 10 қараша күні 18 шілдені - Халықаралық Нельсон Мандела күні деп жариялаған болатын.

Өйткені 18 шілде - Нельсон Манделаның туған күні.

Халықаралық Нельсон Мандела Қоры жыл сайын 18 шілде күні әрбір адамды басқа адамға көмектесуге 67 минут уақытын жұмсауға шақырады. Қор жыл сайын 18 шілде күні «67 минут көмек» акциясын өткізіп тұрады.

Өйткені Нельсон Мандела - өмірінің 67 жылын бейбітшілік, гуманизм, азаттық және адам құқығы істеріне жұмсаған адам.

Апартеида (нәсілдік кемсітушілік) режиміне қарсы күрес жолында Нельсон Мандела өмірінің 27 жылын түрмеде өткізген. Көп жылдар жалғыз адамдық камерада өмір сүрді. Осы жылдар ішінде оның есімі бүкіл әлемге танылды. Түрмеде отырып ол, Лондон университетінің заң факультетін сырттан оқу бағдаралмасы бойынша бітіріп, заң ғылымдарының бакалавры атанды.

1990 жылы түрмеден босаған соң, кезінде өзі мүше болған Африкалық ұлттық конгресс ұйымын басқарды.

1993 жылы Нобель сыйлығының лауреаты атанды.

Ал 1994 жылы өткен жалпы ұлттық сайлауда Мандела тұңғыш рет Оңтүстік Африка Республикасының қара нәсілді Президенті болып сайланды.

1999 жылы мемлекеттік істерден өз еркімен босаған соң, қоғамдық істерге белсене араласа бастады. Қайырымдылық шаралар ұйымдастырды. Ел аралап, гуманизм тақырыбында лекциялар оқыды.

2013 жылы 5 желтоқсанда 95 жасында дүниеден озды.

Біріккен Ұлттар Ұйымы да бұл күні әрбір адамды бала күту, тұрмысы нашарларға жәрдемдесу, аш-жалаңаш жүргендерді тамақтандыру, қоршаған ортаны тазарту немесе ауруханаға барып науқастарға көмек көрсету секілді ізгі де қайырымды істермен айналысуға шақырады.