Н.Назарбаев 1991 жылы-ақ Ресей мен Украинаны жанжалдан сақтануға шақырған

АСТАНА. ҚазАқпарат - 1991 жылы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ресей мен Украинаны екі ел арасында туындауы мүмкін жанжалдан сақтануға шақырған. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа қатысты мұндай дерек «Хабар» арнасындағы «Назарбаевпен ең бастылар жайлы...» атты деректі сұхбатта мәлім болды.

Деректі сұхбат барысында 1991 жылы жазылған Қазақстан Президентінің сұхбатынан үзінді көрсетілді. Онда Н.Назарбаевтың Ресей мен Украина арасындағы жанжалдың орын алуы ықтималдығы жайында айтып, бауырлас елдерге барынша абай болуға шақырғандығы көрсетілді.

Бұл ретте Қазақстан Президенті аталған екі елдің халқы арасында ешқандай көзқарас қарама-қайшылығы жоқ екендігін баса айтып, тек жауапсыз саясаткерлер ғана жанжал отын тұтандыруы мүмкін екендігін ескертеді.

«1991 жыл өте қиын кезең болатын. Барлығы қайда бет аларын білмейтін, республикалар арасында теке-тірес бар болатын. Ең бірінші кезекте Украина тіпті, конфедерация идеясын да қолдамаған еді. Біз Ново-Огаревода бас қосып, мәселелерді талқылаған кезімізде Украина президенті әр уақытта: «Мен кетуім керек, ақылдасуым керек», дейтін. Сондықтан, еш шешім қабылдай алмадық. Ресей Президенті Ельцин: «Егер Украина болмаса, онда біз не жайында сөз қозғаймыз», дейтін. Міне, осымен бәрі аяқталатын. Сондықтан, мен мұның соңы жанжалға апарып соқпауы үшін айтқан едім. Өкінішке орай, соңында солай болды да», - деді Н.Назарбаев.