Сонымен, Президенттің «Алтын сапа» сыйлығының «Ең үздік индустриялық жоба» аталымында Павлодар облысының «KAZ Minerals Bozshakol» ЖШС лауреат атанып, кәсіпорынның президенті Владимир Ким Елбасының қолынан "Алтын сапа" сыйлығын алды.
Сондай-ақ, Президенттік арнаулы «Алтын сапа» сыйлығы аясындағы «Үздік инновациялық жоба» аталымы бойынша Алматы қаласындағы «Элтекс Алатау» ЖШС топ жарып, «Алтын сапа» сыйлығына ие болды. Компания телекоммуникациялық және желілік құрылғыларды, сондай-ақ сәйкес бағдарламаларды шығарады. Өз өнімдерін Түркіменстанға экспорттайды.
Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жөніндегі республикалық «Парыз» сыйлығының Гран-приі «Самрұқ Энерго» акционерлік қоғамына тапсырылды. Компанияның басқарма төрағасы Алмасадам Сатқалиев ҚР Президенті Н.Назарбаевтың қолынан «Парыз» сыйлығын алды. Бұл компания демеушілік және қайырымдылық мақсатта жалпы көлемі 1 млрд. 171 млн. теңге болатын жобаларды қаржыландырған. Мыңдаған ағаш түрлерін отырғызып, экологиялық ортаны жақсартуға өз үлесін қосқан.