Н.Назарбаев әскери және арнаулы атақтар, сыныптық шендер табыстады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Ақордада ҚР Президенті, Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев әскери және арнаулы атақтар, сыныптық шендер табыс етті.

Атап айтқанда, генерал-лейтенат атағы ҚР Қорғаныс министрі Оқас Сапаровқа, генерал-майор атағы Ұлттық гвардия бас қолбасшысының бірінші орынбасары Бейбіт Ашқаровқа, ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі Азаматтық қорғаныс департаментінің директоры Жасұлан Жұмашевқа, Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлерінің қолбасшысы Нұржан Мұқановқа, Әуе қорғанысы күштері бас қолбасшысының бірінші орынбасары - Әуе қорғанысы күштері бас штабының бастығы Марат Уашпаевқа, Өңірлік қолбасшылық әскерлері қолбасшысының бірінші орынбасары - «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскерлері басқарма штабының бастығы Марат Хусаиновқа берілді.

Ұлттық қауіпсіздіктің генерал-майоры арнайы атағын Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары Самат Әбіш, Астана қалалық департаменттің бастығы Құрман Елубаев, Ақтөбе облыстық департаменттің басшысы Нұрлан Қыдырбаев алды.

Қаржы полициясының генерал-майоры арнайы атағы ҚР Экономикалық және сыбайлас жемқорлықпен күрес агенттігі төрағасының орынбасары Айвар Бодановқа табысталды.

Сыртқы барлау генерал-майоры арнайы атағы «Сырбар» сыртқы барлау қызметінің директоры Руслан Омаровқа берілді.

Полиция генерал-майоры арнайы атағын Қарағанды облыстық ІІД бастығы Мергенбай Жаппаров, Алматы қалалық ІІД бастығы Серік Күдебаев, Қостанай облыстық ІІД бастығы Тілеген Маткенов алды.

3 сыныпты мемлекеттік кеңесші сыныптық шені Солтүстік Қазақстан облысының прокуроры Степан Зайтлер, Батыс Қазақстан облысының прокуроры Серік қараманов, Оңтүстік Қазақстан облысының прокуроры Ибрагим Имановқа табысталды