Н.Назарбаев Астананың 15 жылдығы құрметіне елордалықтар мен қонақтарға Президенттік алып торт сыйлайды

АСТАНА. 20 мамыр. ҚазАқпарат - Тәттіні үлкендер де, балалар да жақсы көретіні жасырын емес.

Әсіресе, мереке тәттісіз өтпейді. Әдемі торт кез келген мерекелік дастарханның сәнін келтірері сөзсіз.

«Елорданың 15 жылдық мерейтойы да осы басты мерекелік тәттісіз болмақ емес. Қала күні аясында рекордтық көлемде торт пісірілмек. Одан ешкім де дәм татпай кетпеуі керек», - дейді ұйымдастырушылар.

Астана күнінде «Хан Шатыр» сауда, ойын-сауық орталығында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың атынан торт тарту ету салтанаты өтеді. Сол арқылы елорданың бас сәулетшісі болып табылатын Елбасы қала тұрғындары мен қонақтарын құттықтайды.

Сонымен қатар, Астана қаласының ресми сайтының хабарлауынша, елордалықтар ауқымды мерекелік торттың дәмін басқа да ойын-сауық орталықтарынан тата алады. Осы жерде балалар мен қаланың шығармашылық ұжымдарының қатысуымен концерттік бағдарламаны да тамашалауға болады.