Н. Назарбаев барша Қазақстан халқын елдің тағдырына жауапкершілікпен қарауға шақырды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Сайлау Қазақстанды дамудың жаңа межесіне шығаруға көмектеседі. Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттарының мерзімінен бұрын сайлауын тағайындауға орай Қазақстан халқына үндеу арнаған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осылай мәлім етті.

Елбасы барша қазақстандықтарды, қоғамның барша әлеуметтік топтарын уақыт талабына орай жасалып отырған шешімді қолдауға  шақыратынын айта келе, «Баршаларыңызды сайлауға белсенді қатысуға және еліміздің болашағы үшін біздің ынтымағымыз бен бірлігімізді тағы да көрсетуге шақырамын», - деді Елбасы.

Осы орайда Президент Конституцияның кепілгері ретінде Орталық сайлау комиссиясына және барлық уәкілетті мемлекеттік органдарға алдағы сайлаудың заңдылығын, ашықтығын және әділдігін қамтамасыз етуді тапсырды. Сонымен қатар Мемлекет басшысы сайлау науқаны мен сайлау қиын кезеңде ұлтты нығайтуға және Қазақстанды дамудың жаңа межесіне шығаруға көмектесетініне сенім артты. 

«Баршамызда ортақ бір мақсат бар - ол елдің амандығы. Біз баршамыз Қазақстанның гүлденуіне еңбек етіп, күш-жігерімізді салудамыз. Бірлесе отырып қазіргі уақыттағы қиындықтарды еңсере аламыз. Барша қазақстандықтарды, саяси партияларды біздің ортақ шаңырағымыздың тағдырына жауапкершілікпен қарап, біздің патриотизмді нығайтуға шақырамын. Тәуелсіздіктің 25 жылдық мерейтойын бірлікпен және ынтымақтықпен қарсы алатынымызға сенімдімін. Алдымызда тұрған мақсаттар айқын, осы орайда оларды шешуге кірісу қажет», - деп түйді Н. Назарбаев.