Н. Назарбаев Бразилияда ашылуы жоспарланған Қазақстан Елшілігі өзара ынтымақтастықты дамытатынына сенім білдірді

ТАНА. 21 қазан. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Бразилияда ашылуы жоспарланған Қазақстан Елшілігі өзара ынтымақтастықты дамытатынына сенім білдірді.

Бұл туралы бүгін Ақордада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев АҚШ, Германия және Бразилия мемлекеттері елшілерінен сенім грамоталарын қабылдау кезінде айтты.

«Бразилияда ашылуы жоспарланған Қазақстан Елшілігі өзара ынтымақтастықты дамытып, оны жан-жақты іске асыруға үлес қосады деп сенемін», - деді Елбасы. Бұл тұрғыда Президент екі елдің арасындағы сауда айналымы мөлшері әзірге Қазақстан мен Бразилияның экономикалық әлеуетіне сәйкес келмей тұрғанын ескертіп өтті.

«Қазақстан Бразилияны Латын Америкасындағы маңызды әрі болашағы мол әріптесі ретінде санайды. Біздің елдеріміздің тұрақты экономикалық дамуының ынтымақтастық әлеуетінің толық іске қосылуына барлық мүмкіндіктер бар. Саяси тұғыдан өзара ықпалдастықты арттыруға барлық жағдай жасалған. Жоғары деңгейдегі сенім де қалыптасқан», - деді Мемлекет басшысы.

Осы орайда Н. Назарбаев іскерлік байланыстар қарқынын арттыру үшін үкіметаралық деңгейдегі жұмыстарды күшейту керек екенін атап өтті.

«Біз Қазақстанда футболды дамыту мәселесі бойынша Бразиялиямен арадағы ынтымақтастықты жоғары бағаймыз», - деп атап өтті Президент.