Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгеріс енгізу мәселесі бойынша ҚР Президентінің республикалық референдум тағайындауы туралы» мәселені талқылау барысында депутат Розақұл Халмұрадов осылай мәлім етті.
«Ғасырлар бойы арман болып келген Тәуелсіздікке бір оқ атпай, қан төкпей жеткеніміз, Қазақстанда тұратын 140-тай этнос өкілдерін қазақтың қасиетті де берекелі шаңырағының астында ынтымақ пен бірлікте топтасуы, мемлекет құруда еуропалық стандарттарға сай келіп оның төріне шығуымыз, әлем саясаткерлері «Қазақстан триумфі» деп атаған ЕҚЫҰ саммиті, тағы тағыда басқа жетістіктеріміз Тұңғыш Президент - Елбасы Н. Назарбаевтың сарабдал саясатының, көрегендігінің, даналығының арқасында болды. Жақсылықты Тәңірден тілеген халқымыздың Төлбасы деген бір әспетті ырымы бар. Не нәрсенің болса да бастауы сәтті болса, ол баянды болады деп жориды халқымыз. Осы орайда Н. Назарбаевтың Тәуелсіздік жолында атқарып жатқан қажырлы істеріне, қазақ елінің аз уақыт ішінде қол жеткізген жетістіктеріне, уақыт сомдаған қайраткерлік тұлғасына, әлем алдындағы беделіне мақтанышпен зер сала отырып, халқымыздың ел болашағына деген сенімі артуда. Тізгін тегеурінді қолда, тәуелсіздік көші дұрыс жолда екеніне ел сенімі берік. Н. Назарбаев - бүкіләлемдік деңгейге көтерілген, өзге мемлекет басшылары мойындаған, саңлақ саясаткер, ірі қайраткер»,- деді Р. Халмұрадов.