Н.Назарбаев БҰҰ мінберінен халықаралық ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеретін өзекті әрі қызықты интеграциялық жобалар ұсынды - Қ.Жақыпов

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев БҰҰ мінберінен халықаралық ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеретін өзекті әрі қызықты интеграциялық жобалар ұсынды.

Бұл туралы бүгін елордада өтіп жатқан «Еуразиялық экономикалық перспектива» атты халықаралық форум барысында ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Қабиболла Жақыпов айтты.

Мәжіліс спикері өз сөзінде таяуда ғана өткен БҰҰ Бас ассамблеясының 70-ші сессиясы мен осы алқалы жиындағы ҚР Президентінің сөйлеген сөзін бүгінгі күні әлем жұртшылығы кеңінен талқылап жатқанын баса атап өтті.

«Біздің Мемлекет басшымыз көптеген елдер үшін халықаралық ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеретін өзекті әрі қызықты интеграциялық жобалар ұсынды. Ол халықаралық құқықтың тозу және жаһандық институттар рөлінің әлсіреуі қаупін ескертті», - деді ол.

Оның атап өтуінше, ҚР Президенті БҰҰ мінберінен барлық әлем елдерін дағдарысты көріністерге бірлесіп қарсы тұруға шақырды.

«Іс жүзінде Елбасы өзінің саясаттан экономиканың басымдығы туралы кредосын әлемдік экономикалық ынтымақтастыққа таратуды ұсынып, оны халықаралық қарым-қатынастың жаһандық жалпықамтымды негізі етуге шақырды. Дәл осындай ұстанымды біздің Мемлекет басшымыз сонау 1994 жылы Мәскеу мемлекеттік университетінде Еуразиялық экономикалық одаққа негіз қылып қалауды ұсынған болатын», - деген Қ.Жақыпов ҚР Президенті бұл ұстанымдарды 20 жылдан астам уақыттан бері ЕАЭО жұмысында рет-ретімен жүзеге асырып келе жатқанын баса айтты.