Н. Назарбаев: Дінге сене отырып, өз салтымыз бен ғұрпымызды сақтауымыз керек

АСТАНА. 16 желтоқсан. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Дінге сене отырып, оны біле отырып, өз салтымызды, ғұрпымызды сақтауымыз керек. Бүгін Астанада «Нұр Отан» ХДП республикалық сайлауалды штабында болып, онда селекторлық кеңес өткізгеннен соң партия Төрағасы, ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев осылай мәлімдеді.

«Баршамыз үшін Құдай жалғыз, бірақ оған барар жол әртүрлі. Меніңше, осы тұжырым дұрыс секілді. Егер исламды алатын болсақ, біз дінге жан-жақты жағдай жасаудамыз. 3 мыңнан астам мешіт салынды. Жастарымыз мешітке барып та жатыр. Алайда, солардың ниеті шын болса екен. Әйтпесе жұмада намаз оқып, ертесінде арақ ішіп, ұрлыққа баратын болса, бұл екіжүзділік емес пе?!», - деді Н. Назарбаев өз пікірін білдіре отырып.

Бұдан бөлек, Президент әр елдің ықылымнан қалыптасқан өз әдет-ғұрыптары бар екендігін, дін мәселесінде олардың да сақталуы керектігін еске салды. «Мен басына орамал салып жүргендерге еш қарсы емеспін. Біздің аналарымыз да ақжаулық салып жүретін. Алайда, арабтардың бетпердесін жамылып жүру, бұл біздің салтымыз емес. Басында Құранның өзі араб тілінде түскен соң, барша мұсылман сол тілде сөйлесін деген де қағида болған болуы керек. Біз ондай ел емеспіз. Өзіміздің салт-ғұрпымыз бар. Бала туғаннан бастап, оның үйлегеніне, жаназасына дейін де өз салтымыз бар. Сол секілді киіміміз де басқа. Дінге сене отырып, оны біле отырып, өз салтымызды, ғұрпымызды сақтауымыз керек. Бұны да сайлаудың үгіт науқаны барысында жұртшылыққа түсіндірген ләзім. Әрине, бұл өте нәзік мәселе», - деді Н. Назарбаев.