Н.Назарбаев Қашаған төңірегіндегі ахуалға түсініктеме берді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Ақордада отандық және шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарына сұхбат берген ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қашаған төңірегіндегі жағдайға қатысты түсініктеме берді.

Мемлекет басшысы өз сөзінде аталған кен орнынан Қазақстан алғашқы мұнайды 2014 жылы алуды жоспарлағандығын еске салып өтті.

«Құбырлардың барлығы дұрыс төселіп, күкірт пен газдың бөлінуін өңдеу зауыты іске қосылу тиіс еді. Сол сәтте су астындағы және су бетіндегі құбырдан жарықшақ анықталды. Егер жұмыс жалғаса бергенде ірі апат орын алар еді. Сондықтан да өндірісті тоқтатып, аталған жоғары қысым құбырларын ауыстыру туралы шешім қабылдадық. Ерекше таңғалдырарлығы - олар Жапонияда жасалған», - деді Елбасы.

ҚР Президенті Қашаған кен орнына мұнай өндіруді қайта қолға алу 2015 жылдың соңында не 2016 жылы жандануы мүмкін екендігін атап өтті.

«Қазіргі уақытта компания ҚазМұнайГазбен бірлесіп, қарқынды жұмыс жүргізуде. Қайта қалпына келтіру жұмыстарына шамамен 2 млрд. доллардан астам қаржы шығындалады. Осы жылдың соңында немесе 2016 жылы мұнай өндіре бастаймыз деген үмітіміз бар», - деді ҚР Президенті.