Жаһандық демографиялық қауіп-қатерге тоқталған Президент, «БҰҰ мәліметтері бойынша жершарындағы адам саны 6-дан 7 миллиардқа дейін жету үшін 10 жылдан астам уақыт қажет болды. Ғасырдың ортасында болжам бойынша планетаның халқы тағы 2 миллиардқа өсіп, 9 миллиард адамды құрайтын болады», - деді. Осы орайда Елбасы бұл мәселе өз кезегінде баршамыз үшін жауапкершілік жүктейтінін, яғни осы тұрғыда адамдардың еңбегі, азық-түлікпен қамтамасыз ету және басқа да салалардағы қадамдар ескерілуі тиіс екендігін айтып өтті.
«Қазақстанда адамның орташа жасы - 35 жас. Біздің жағдайымызда пайда табу үшін еңбекпен қамту, әлеуметтік қамтамасыз ету, денсаулық, отбасын бекемдеу мәселесін жоспарлау маңызды», - деп түйді Н. Назарбаев.
Мемлекет басшысы азық-түлік қауіпсіздігі мәселесіне тоқтала келе, «бүгінде әлемде 1 миллиардқа жуық адам азық-түлік жетіспеушілігін сезініп отыр. Әлем азық-түлік өндіру тұрғысында түбегейлі өзгерістер қажеттілігінің алдында тұр. Қазақстан ауыл шаруашылығы өндірісінде сапалы серпіліс жасауы шарт. Ол үшін бізде барлық мүмкіндіктер бар», - деді.