Н. Назарбаев: Қазақстан еуразиялық кеңістікте экономикалық интеграцияны құрудың бастамашысы болып табылады

МӘСКЕУ. 24 желтоқсан. ҚазАқпарат - Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ендігі жылы еуразиялық кеңістіктегі экономикалық интеграция бастамасының 20 жылдығын атап өтуді ұсынды.

Бұл туралы Елбасы Мәскеуде Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес отырысының қорытындысы бойынша өткізілген брифингте мәлім етті.

Н. Назарбаев Қазақстан еуразиялық кеңістікте экономикалық интеграцияны құрудың бастамашысы болып табылатынын еске салып кетті. Мемлекет басшысының М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті қабырғасында еуразиялық экономикалық одақтың жобасы туралы сөз сөйлегеніне келесі жылдың наурыз айында 20 жыл толады.

«Бұл 20 жылдықты біз атап өтеміз деп үміттенемін. Өте жауапты шешімдерді қабылдау үшін 20 жыл жақсы мерзім. Осы жылдар бойы біз еуразиялық интеграция бастамасын дәйекті түрде алға жылжыттық. Қазіргі таңда елдеріміздің «интеграциялық үштігі» алға қарай қадам басты деп нық сеніммен айтуға болады», - деп мәлімдеді Президент.

«Біздің бірлестікте саяси тәуелсіздік сақталады және оған ешкім қол сұқпайды. Бұл аксиома. Экономикалық интеграция ұлттық мемлекеттілікті нығайту, экономика арқылы оны одан әрі тұрақты ету үшін дамуда», - деп баса айтты Мемлекет басшысы.

Бірде-бір мемлекет жабық шекара жағдайында экономикасын дамыта алмайды дей келе Елбасы: «Ешкімде ешбір күдік туындамауы тиіс. Экономикалық одаққа қатысушы әрбір елдің тәуелсіздігі ішкі саяси, сыртқы саяси, халықаралық тұрғыда толыққанды сақталады және нығаяды» деп атап өтті.

Президенттің атап өтуінше, экономикалық интеграцияның жаһандық тәжірибесі көрсеткендей, күш-қуаттардың бірігуі ұзақмерзімдік экономикалық дивидендтер әкеледі, неғұрлым тегеурінді қауіпсіздікті қамтамасыз етеді, халықтың әл-ауқатын жақсартады.

«Сондықтан да біз Еуразиялық экономикалық одақты құрып отырмыз. Оның негізінде экономикалық прагматизм, егемендікті құрметтеу, интеграцияның еріктілігі, шешім қабылдау кезіндегі теңқұқылық, еуразиялық кеңістіктің даму эволюциясы және ашықтығы секілді баршаға түсінікті қағидаттар бар. Еуразиялық интеграция ешқандай елге немесе басқа да бірлестіктерге қарсы бағытталмаған», - деді Мемлекет басшысы.