Н. Назарбаев: Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы тауар айналымының өсімі ағымдағы жылдың 8 айында 5,2 пайызды құрады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы тауар айналымының өсімі ағымдағы жылдың 8 айында 5,2 пайызды құрады.

Бұл туралы бүгін Ақордада өткен Қазақстан мен Қырғызстан жоғарғы мемлекетаралық кеңесінің 4-ші отырысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мәлім етті.

«7 жыл бұрын құрылған жоғары дәрежедегі мемлекетаралық кеңес бар. Соның кезекті отырысында кездесіп отырмыз. Бұл кеңес президенттер басқаратын жоғары дережедегі кеңес болып саналады. Екі елдің арасындағы экономикалық, саяси, мәдени қарым-қатынастарға өз ықпалын тигізеді»,- деді Н.Назарбаев.

Елбасының атап өтуінше, осы уақыт аралығында кеңес маңызды саяси кеңестердің қабылдануына ықпал ететін, екі елдің шаруашылық субъектілері арасында туындайтын проблемаларды шешетін жоғары орган ретінде өзінің белсенділігін паш етті.

«Біздің елдеріміз арасындағы екіжақты сауда байланыстары өсім траекториясымен дамып келеді. Соңғы екі жылдың ішінде тауар айналымы тұрақты түрде бір миллиард АҚШ долларынан асты. Осы жылдың сегіз айында орын алып отырған қиын жайттарға қарамастан өсім 5,2 пайызды құрады», - деді Қазақстан Президенті.