Н. Назарбаев Қазақстан мен Литваның экономикалық ынтымақтастық деңгейі жоғары екенін атап өтті

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Литва Премьер-Министрі Альгирдас Буткявичюспен кездесу өткізді. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Кездесу барысында екіжақты, соның ішінде сауда-экономикалық және инвестициялық салалардағы өзара ықпалдастық мәселелері талқыланды.

Елбасы 2007-2009 жылдардағы жаһандық қаржы-экономикалық дағдарысқа жауап ретінде ұйымдастырылған форумға қатысатыны үшін Литва Премьер-министріне алғыс айтты.

- Форумға 90 елден келген үш мың делегат қатысады. Біз Қазақстанның инфрақұрылымдық және индустриялық даму тұрғысынан қабылдап жатқан шаралары мен жүзеге асырып жатқан өзге де бағдарламалары туралы айтпақ ниеттеміз, - деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев екі елдің арасындағы саяси диалог пен экономикалық ынтымақтастықтың деңгейі жоғары екенін атап өтті.

- Литвамен әрқашан жақсы қарым-қатынаста болдық. Сіздің сапарыңыз ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге қызмет етеді деп үміттенемін, - деді Мемлекет басшысы.

А.Буткявичюс екіжақты қарым-қатынастарды нығайтуға және дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін Қазақстан Президентіне алғыс айтты.

- Қазақстан Литваның Орталық Азиядағы маңызды серіктесі болып саналады, - деп атап өтті А.Буткявичюс.

Литва Премьер-министрі сондай-ақ Нұрсұлтан Назарбаевты ел Президенті лауазымына қайта сайлануымен құттықтап, Қазақстанның алға қойған барлық мақсаттарына жететініне сенімділік білдірді.