Н.Назарбаев: Қазақстан мен Польшаның өзара тауар айналымы арта түседі

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан пен Польша арасында сенімді диалог орныққан. Бүгін Ақордада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бірқатар елдің елшілерінен сенім грамоталарын қабылдау кезінде осылай деп мәлім етті.

«Біз Польша Республикасымен өзара тиімді ынтымақтастықты дамытуға мүдделіміз. Қазақстан пен Польша қарым-қатынастары жүйелі дамып келеді. Жоғары деңгейдегі сенімді диалог орныққан. Бұған менің Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас ассамблеясының 70-ші сессиясы аясында Польша Президенті Анджей Дудамен кездесуім ықпал етті. Сауда-экономикалық байланыстары жанданып, өзара тауар айналымы ұлғаяды деп үміттенеміз», - деп тоқталды Елбасы. Өз кезегінде сенім грамоталарын тапсыру рәсімінен кейін Польша Елшісі Мачей Ланг Қазақстандағы қызметіне жоғары жауапкершілікпен қарайтындығын атап өтті. «Польша мен Қазақстанды мәдени және саяси-экономикалық ынтымақтастық байланыстырады. Осыған орай аса жауапты міндеттеріме кірісе отырып, Польша Президенті артқан сенімді ақтап, елдеріміз арасындағы ынтымақтастықты, достық қатынастарды нығайтып, өркендете түсуге уәде беремін», - деді Елші.