Н.Назарбаев қазақстандықтарды радикализмнен сақтануға шақырды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Радикализм тіршіліктің бірде-бір саласында пайда әкелмейді. Бүгін «Елбасымен бірге - жаңа жеңістерге!» атты жастар форумында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осылай деді.

«Қазіргі заманғы мемлекет зайырлы болуы тиіс. Дәл сондай жағдайда елдің әлеуеті барынша жүзеге асырылатын болады. Халықаралық кез келген радикализммен, оның ішінде діни де радикализммен барынша айналысатын болса, ондай мемлекеттің даму қарқыны да тежеле береді. Себебі қарапайым. Радикализм тіршіліктің бірде-бір саласында пайда әкелмейді. Ол тек прогресті тежейді, кері итереді», - деді Елбасы.

ҚР Президентінің атап өтуінше, экономикадағы радикализм ойластырылмаған авантюраларға әкеп соғады. Ал мәдениеттегі радикализм мыңдаған жылдар бойы халықтың рухани құндылығы болған дәстүр мен салтты өшіреді.

«Мұндай елдің иммунитеті әлсірейді, ол «ауыра» бастайды. Сөз діннен бас тарту тұрғысында болып отырған жоқ. Тәуелсіздік жылдары ішінде Қазақстанда 2230 мешіт, 186 православ, 40 католик шіркеуі салынды», - деді ҚР Президенті.