«Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан Еуроодақ, Америка және Ислам елдерімен тарихтың жаңа парақтарын бірге ашты. Қазақстан көрші елдермен достықты нығайтып, әлемнің бүкіл елдерімен арадағы сенімді сақтауға талпынады. Қазақстанның 21 ғасырда жаһандық дамуға қосып жатқан осы үлесін әлем лайықты бағалайды деп сенемін»,-деп атап өтті Президент.
«Қазақтың өз ішіндегі береке-бірлігі күшті болу керек, данышпан Абай: «Біріңді қазақ, бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» деген өсиетін айтып кеткені де сол. Осыны естен шығармайық. Алда қандай сын-қатерлер күтіп тұрса да, бірлігіміздің арқасында біздің болашағымыз бүгінгіден де жарқырайды деп кәміл сеніммен айта аламын. Бәріміздің киелі атамекеніміз бар, ол - қазақтың Ұлы Даласы. Сол Ұлы Далада бабаларымыздың ізгі аманатын орындау жолында біз құрған қасиетті Отанымыз бар, ол - тәуелсіз Қазақстан. Тәуелсіздік - біздің маңдайға тиген бағымыз, мәңгі сақтауға тиіс аманатымыз. Қасиетті Отанымызда қандай қиындықты да қайыспай қарсы алуға лайық өршіл рухты, озат ойлы жасампаз халқымыз бар, ол - ержүрек қазақ халқы. Сол қаһарман халықтың алға қойған ізгі мұраты бар, ол - Ұлы Дала төсінде өзі құрған мемлекетті Мәңгілік елге айналдыру», - деді халықты Қазақ хандығының 550 жылдығымен құттықтаған Н.Назарбаев.