«Мен барлық өңірлерде, барлық жиындарда, кеңестерде, әсіресе Қазақстан халқы Ассамблеясының сессияларында өз атыма өте көп алғыс естимін. Сондықтан да бүгін менде барша қазақстандықтарға, сіздердің әрқайсыларыңызға осы жылдардың ішінде маған қолдау білдіргендеріңіз үшін, әрбір сайлауда зор басымдықпен сайлағандықтарыңыз үшін алғысымды білдіру мүмкіншілігі туындап отыр», - деді Н.Назарбаев.
Осы ретте Мемлекет басшысы халық пен билік бірлікте болып, бір-біріне сенім артқанда ғана жайлы өмір орнайтындығына сенімді екендігін атап өтті. Сонымен қатар Қазақстанның барша халқына бірлігі мен келісімі, достығы мен өзара түсіністігі үшін шын көңілден зор ризашылығын білдірді.
«Әрбір отбасында, әрбір үйде бейбітшілік, мейірім, бақуаттылық болсын. Алғыс айту күні әр адамның жан-жүрегіне жақын еліміздің ең маңызды мерекелерінің біріне айналатындығына сенімдімін», - деді Елбасы.