Н. Назарбаев ҚР Жоғарғы Сотына негізсіз ақтау үкімдері бойынша тексеру жүргізуді тапсырды
Мұндай тапсырманы Мемлекет басшысы Ақордада ҚР-дағы қылмыс пен сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұру, есірткі заттарының заңсыз айналымының жағдайы, азаматтардың құқықтары мен бостандықтары тақырыбына қатысты құқық қорғау органдары басшыларымен өтіп жатқан кеңесте жүктеді.
«Соттар қылмыскерлерді негізсіз ақтап отыр. Үш жылдың ішінде прокурорлардың наразылығы бойынша 71 азаматқа қатысты заңсыз негізсіз ақтау үкімдеріне тыйым салынды»,-деді ҚР Бас прокуроры Асхат Дауылбаев.
Оның сөзіне қарағанда, 2011 жылы Астана қаласының соты кісі өлтіру фактісі бойынша айыпталған Ботабаевты ақтап шығарды. Прокурорлардың барлық наразылықтарына қарамай осы үкім күшін сақтап қалды. Араға 1 жыл салмай Ботабаев Іле Алатау ұлттық паркінде адамдарды жаппай өлтірген экстремистік тұрғыдағы топтың құрамында табылды.
«Қазіргі кезде оған іздеу жарияланған. Бұл тұрғыда судьялардың ешқайсысы жауапкершілікке тартылған жоқ»,-деді Бас прокурор.
«Оны кісі өлтіргені дәлелденсе де сотталмаған ба?», - деп нақтылап сұраған Елбасының сауалына А. Дауылбаев: «Ия, оның қылмысы дәленденсе де, ол жазасын тартқан жоқ»,-деп жауап қайтарды.
«Осындай жағдайлар бойынша Бектас, сіздер өздеріңнің араларыңда тиісті тексеру жүргізулерің керек. Соған барлық қатысты адам, яғни кісі өлтірген адамдарды бекерге босатқан жоқ қой, ақшаға босатты немесе басқа бір таныстары арқылы босады. Басыннан-аяғына дейін барлығын жұмыстан неге қуып шықпадыңдар? Бұл мәселені халыққа неге айтпадыңдар?»,-деді Н. Назарбаев ҚР Жоғарғы Сотының төрағасы Бектас Бекназаровқа қаратып айтқан сөзінде.