Н. Назарбаев лаңкестікпен күресте бірыңғай халықаралық тәртіпті айқындау керек екенін айтты

УФА. ҚазАқпарат - ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев лаңкестікпен күресте бірыңғай халықаралық тәртіпті айқындау керек деп есептейді. Бұл туралы бүгін ол Уфадағы ШЫҰ мемлекет басшылары кеңесінің кеңейтілген отырысында айтты.

«21 ғасырдың басында лаңкестік шабуылдардан зардап шеккендердің саны 5 есеге артып, шамамен 150 мың адамды құрады. Мұның 80 пайыздан астамы Азия, Таяу Шығыс және Африка елдерінде болып жатыр. «ДАИШ», «БОКО ХАРАМ», «Талибан», «Әл-Каида» деп аталатын төрт ұйым бейбіт азаматтарға қарсы қылмыстың шамамен 70 пайызын жасады»,- деді Н.Назарбаев.

Бұл деректер ШЫҰ-ға мүше елдердің қауіпсіздігіне нұқсан келтіруі мүмкін, деді ҚР Президенті. «Қазіргі қатыгездіктің мақсатқа жету жолындағы идеологиясы мен қимылдары барлық діннің негізі мен философиясына қайшы. Азаматтарымыздың террористер жағында күресуі өзекті мәселеге айналды, сондықтан бұл қауіпке қарсы тұрудың бірыңғай халықаралық тәртібін анықтайтын кез келді», - деп атап өтті Н. Назарбаев. ҚР Президенті ШЫҰ экстремизммен күресуге дайын әлемдік қауымдастық мүшелері арасында диалог орнатуға өз үлесін қосуы тиіс екенін айтты. «Сондықтан терроризммен күресу бойынша әлемдік бірыңғай жүйе құру үшін алдағы БҰҰ Ассамблеясының күн тәртібіне осы мәселені енгізген дұрыс. Лаңкестік пен экстремизм және сепаратизммен күрес туралы ШЫҰ бағдарламасын қабылдау, терроризммен күрестегі ортақ конвенцияға айналады деп үміттенемін», - деді Н. Назарбаев.