Н.Назарбаев: «Оңай жолмен» келген ақша солай кетеді, ал кәсіби шеберлік пен ақылды ешкім де тартып ала алмайды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев республикалық жетекші бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен кездесуінде жастарды «оңай жолмен» табылатын ақшадан аулақ болуға шақырды.

«Бізде қазір соңғы уақытта тез байып кетуге асығатындар көп секілді. «Оңай жолмен» келген ақша қалай келсе, солай кетеді. Оның неге екенін ешкім де түсіндіріп бере алмайды... Иә, ақша белгілі бір деңгейде сені тәуелсіз етеді, бірақ ол уақытша ғана. Ал, кәсіби шеберлік пен ақылыңды сенен ешкім де ала алмайды. Сондықтан, өз ісіңнің маманы болу керек. Сөйткенде, барлығын уысыңа түсіре аласың. Мамандықты адамнан ешкім тартып ала алмайды», - деді Н.Назарбаев.

Мемлекет басшысы еңбек қана адамды біреуге мұқтаж қылмай, арманына жеткізетінін айтты. «Маңдай термен тапқан ақша адамды ешкімге тәуелді етпейді. Сондықтан, менің барлық жастарға айтарым, ең бастысы - еңбек. Адам қандай мамандықты таңдағаны маңызды емес, ең бастысы ол сол мамандықты әбден игеріп, кәсбиліктің «шыңына» жеткізуі керек. Өз ісінің маманы, шебері болуы қажет. Міне, сонда ғана оны бағалап, құрметтейді, ол өз арманына жете алады», - деді Елбасы жастарға қарата айтқан сөзінде. Сондай-ақ, Н.Назарбаев кәсіби еңбек адамы бұл күнде инженерден де, қаржыгерден де мол табыс таба алатынын жеткізді.