Н.Назарбаев: Өскелең ұрпақтың патриоттық тәрбиесіне баса назар аударылуы керек

АСТАНА. ҚазАқпарат - Өскелең ұрпақтың патриоттық тәрбиесіне баса назар аударылуы керек. Бүгін «Мәңгілік Ел: бір ел - бір тағдыр» атты тақырыппен өтіп жатқан Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХІІ сессиясы барысында ҚР Президенті, Ассамблея Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев осылай айтты.

«Бүгінгі әлемде қоғамдағы барша жұртшылыққа бірдей қолдануға болатын бейбітшілік пен келісімнің нақты рецепті жоқ. Ал біз әлемде тұңғыш болып жалпықазақстандық ұлттық идеяны нақты құжат ретінде бекітіп отырмыз. Бұндай тәжірибе еш жерде жоқ, біз бәрінен алда келеміз», - деді Н.Назарбаев.

Сонымен қатар Елбасы жастардың, өскелең ұрпақтың патриоттық тәрбиесіне баса назар аударылуы керектігін атап өтті. Бұған білім беру жүйесінің жалпылама күшін, мәдени орталықтардың, бұқаралық ақпарат құралдарының күшін жұмылдыру керек.

«Бұнда жалпыұлттық құндылықтарды жұмылдыратын күш ретінде біздің зиялыларымыздың рөлі де зор. Олар жаңа Қазақстан үшін жаңа туындыларды, жаңа тұлғаларды тудыруы керек. Патриоттық бағытында Мәдениет және спорт министрлігі, Инвестициялар және даму министрлігі Қазақстан халқы Ассамблеясымен бірлесе отырып бұқаралық ақпарат құралдары мен Интернетте арнайы жобаларды жүзеге асырулары керек», - деді Н.Назарбаев.