Н.Назарбаев пен В.Путин ЖЕЭК отырысында «Байқоңыр» ғарыш айлағын бірлесіп пайдалану мәселесін қарастырады

None
АСТАНА. 24 желтоқсан. ҚазАқпарат - Мәскеуде бүгін Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңесінің отырысы мемлекет басшыларының қатысумен өтеді,

деп хабарлады РосБизнесКонсалтинг.

Ресей, Белоруссия және Қазақстан президенттері Кедендік одаққа мүше мемлекеттер мен Бірыңғай экономикалық кеңістік аймағындағы елдердің интеграциялық әрекеттестігінің негізгі бағыттарын, сонымен бірге 2015 жылдың 1 қаңтарынан Еуразия экономикалық одағын құруды қарастырады. Қырғызстан мен Арменияны еуразиялық интеграциялық құрылымдарға қосу бойынша «жол картасын» жүзеге асыру мен дайындық жұмыстары сараланады. Бұл елдер де ЖЕЭК отырысына қатысады.

Кеңеске сонымен бірге, Украинаның премьер-министрі отырысты бақылаушы ретінде шақырылған.

ЖЕЭК отырысының қорытындысы бойынша, бірыңғай кедендік саясат саласында, табиғи монополияларды және бәсекелестік ережелерін реттеуге байланысты бірқатар бірлескен шешімдерге қол қою жоспарланған.

Сонымен бірге, РФ Президенті ЖЕЭК-ға мүше елдердің басшыларымен екіжақты келіссөздер жүргізеді. Мәселен, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен В.Путин «Байқоңыр» кешенін бұдан былай бірлесіп пайдалану мәселесін талқылайды. Тараптардың келіссөздері бірқатар екіжақты құжаттарға қол қоюмен, соның ішінде Қытайға Қазақстан арқылы мұнай және мұнай өнімдерін тасымалдау, ғарыш және әскери-техникалық салалалардағы ынтымақтастық жөніндегі келісімдер жасаумен аяқталады.

В.Путин мен А.Лукашенконың екі жақты кездесуі 2013 жылдың 25 желтоқсанында өтеді.