Сөз арасында Елбасы съез делегаттары мен қонақтарына алғысын айтып, байтақ қазақ даласының барлық аймақтарын қамтитын 850 мың партия мүшесінің атынан келгендерге ризашылығын білдірді.
«Мен барша партиялас серіктерімізге еліміздің гүлденуі мен өсіп-өркендеуіне төгілген өлшеусіз тер мен ортақ патриоттық еңбектеріңіз үшін тағы бір рет зор ризашылығымды білдіремін», - деді Н.Назарбаев.
Бұдан бөлек, Президент алда Қазақстан үшін тағы бір тағдырлы тарихи науқан тұрғанын атап өтті.
«Біз бір орында тұрмай, алға жылжуымыз керек. Тоқтап қалуға болмайды. Тоқтап қалған су бұзылады, бір орында тұрсақ, арттағылар озып кетеді. Қазақстан халқы Ассамблеясының кезектен тыс президенттік сайлау өткізу туралы бастамасы халық тарапынан қызу қолдау тапқанын біліп отырсыздар. Санаулы күнде маған осы мәселе жөнінде мыңдаған хаттар келіп түсті. Құзырлы органдар бұл бастаманы ел заңнамасына сәйкес деп тапты. Сонымен, 26 сәуірде кезектен тыс Президент сайлауын өткізу туралы Жарлығым осыған жауап болды. Бұны Отанымызда бейбітшілік пен келісімді нығайтуға, біздің бағытымызды жалғастыруға деген жалпыхалықтық ұмтылыс пен дәлел деп білуіміз керек», - дей келе Елбасы осы бастаманы көтерген Қазақстан халқы Ассамблеясы мен оны қолдаған барша азаматтарға ризашылығын білдірді.