Н. Назарбаев Семей ядролық сынақ полигонын жабу тұрғысында аса ерекше көшбасшылықты танытты - Пан Ги Мун

None
nbsp;АСТАНА. Сәуірдің 7-сі. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Семей ядролық полигонын жабу тұрғысында Н. Назарбаев аса ерекше көшбасшылықты танытты.

Бұл туралы бүгін Астанада Мемлекеттік хатшы - Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаевпен болған кездесуде БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Нұрсұлтан Назарбаев 1991 жылы аса ерекше бастаманы және көшбасшылықты танытты (Семей ядролық сынақ полигонының жабылған жылы). Президент бастамасының арқасында тамыздың 29-ы - Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдар күні болып белгіленді», деп атап өтті БҰҰ Бас хатшысы.

Осы тұрғыда Пан Ги Мун Вашингтонда ядролық қауіпсіздікке байланысты өтетін саммитте Нұрсұлтан Назарбаев ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу жөніндегі келісімді тез арада ратификациялау тұрғысында сөз сөйлейтініне сенім артты.

«Менің пайымдауымша, біз бұл тұрғыда дұрыс бағытта жүріп келеміз және бұл істі бұдан ары қарай жылжытуымыз қажет», деп атап өтті БҰҰ Бас хатшысы.