Н.Назарбаев ШЫҰ елдерін халықаралық көліктік-логистикалық желіге ықпалдасу үдерісін жеделдетуге шақырды

УФА. ҚазАқпарат - ШЫҰ кеңістігінің халықаралық көліктік логистикалық жүйеге ықпалдасу процесін үдету қажет. Бүгін Уфада өтіп жатқан ШЫҰ мемлекет басшылары кеңесінің кеңейтілген отырысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осылай мәлім етті, деп хабарлады ҚазАқпарат тілшісі.

»Шанхай процесіне қатысушылардың экономикалық әлеуетін ашу үшін ШЫҰ кеңістігінің халықаралық көліктік логистикалық жүйеге ықпалдасу үдерісін үдету қажет. Мұның Азия, Еуропа, Таяу Шығыс пен Африканы қоса алғанда барлығына да тиімді екендігі шүбә тудырмайды», деді ҚР Президенті.

Мемлекет басшысы жаңа экономикалық бағдарламаларды, Қытай тарабы бастамашы болған Жібек жолы экономикалық белдеуін жүзеге асыру, Еуразиялық экономикалық одақ аясында құрылатын жайлы ахуал ШЫҰ міндеттерімен толық сай келетіндігін баса айтты.

«Мұның барлығы тағы бір ауқымды міндетті - Орталық Азия дамуын өзара толықтра түсетін макроэкономикалық кеңістікті құруға мүмкіндік береді. ШЫҰ-ның экономикалық әлеуетін толыққанды іске қосу мақсатында ымыра жол іздеуді жалғастыру қажет. Бұл ретте Азия инфрақұрылымдық даму банкінің әлеуетін экономикалық жобаларды жүзеге асыруда бірыңғай алаң ретінде пайдаланудың болашағы зор көрінеді», деді Н.Назарбаев.