Н.Назарбаев: Сот жүйесінің тиімділігін арттыру әркезде де мемлекеттің қамқорлығында

АСТАНА. 20 қараша. ҚазАқпарат - Сот жүйесінің тиімділігін арттыру әркезде де мемлекеттің қамқорлығында. Бұл туралы бүгін ҚР Судъяларының VI съезінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтты.

«Сот жүйесінің тиімділігін арттыру әркезде де мемлекеттің және жеке менің қамқорлық тақырыбым болды. Соттардың қызметін қамтамасыз етуге арналған республикалық бюджет шығыстары 2006 жылдан 2,6 есеге өсіп, 11,2 млрд. теңгеден ағымдағы жылы 30 млрд. теңгеге артты»,- деді Елбасы.

ҚР Президентінің атап өтуінше, елімізде сот жүйесінің материалдық базасы да барынша нығайтылды. Қазақстанның барлық соттары техникамен жарақтанып, заманауи талаптарға сай келетін ғимараттарға орналастырылуда. Бұл жұмыстар өз жалғасын табатын болады. Мәселен, таяуда Астанада және Алматы мен Қостанай облыстарында сотқа арналған ғимараттардың құрылысы аяқталатын болады.

«Тек 4 жылдың ішінде ғана қазақстандық фемида қызметшілерінің жалақысы 60 пайызға өсті. Барлық деңгейдегі судьялардың жалақысы бұл өңірдегі, тіпті атқарушы билікпен салыстырғанда да ең жоғарғысы болып саналады», - деді Н.Назарбаев.