пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан елеулі үлестері және қоғамдық қызметтері үшін бір топ азаматты жоғары наградамен марапаттау рәсімінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осылай деді. «Құрметті қазақстандықтар, құрметті қауым, марапат иелері! Алдымен баршаңызды ертеңгі болатын Тәуелсіздіктің 24 жылдығымен шын жүректен құттықтаймын. Бұл қазақ елінің атының жаһанға жайылып, игілігіміздің бастауы болған мәртебелі мереке. Баршамыз үшін қуанышты күн. Сіздер осындай айтулы күннің қарсаңында жоғары марапат мәртебесіне ие болайын деп отырсыздар», - деді ҚР Президенті.
Мемлекет басшысы бүгін Ақорданың төріне жиналған баршасы үшін ерекше мерейлі сәт екендігін айтып, қуаныштарымен құттықтады.
«Тәуелсіздік деген еш уақытта ештеңеге айырбастамайтын ең жоғары мәртебелі құндылығымыз болып саналады. Біз азаттықтың арқасында ел ретінде еңсе тіктеп, мемлекеттік тұғырымызды бекіттік. Оған бүгінгі марапат иелерінің әрқайсысының үлесі зор. Сіздер өнегелі істеріңізбен көпке үлгі болып, ел құрметіне бөленіп келесіздер. Өз саласында ерекше жетістікке жеткен азаматтарды ең жоғары наградаларға лайық деп санаймыз», - деді Елбасы.
ҚР Президентінің атап өтуінше, Қазақстан бойынша жүздеген, мыңдаған адам жоғары мемлекеттік наградамен марапатталды.
«Соның ішінде сіздердің еңбектеріңіз өте үлкен, зор. Сіздерге марапат тапсыру арқылы мен бүкіл қазақстандықтарға тапсырдым деп санаймын», - деді Н.Назарбаев.