Н.Назарбаев тұңғыш рет жария түрде еліміздің жаңа Азаматтық процестік кодексіне қол қойды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Ақордада ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев алғаш рет жария түрде еліміздің жаңа Азаматтық процестік кодексіне қол қойды.

«Бүгін мен Қазақстан Республикасының жаңа Азаматтық процестік кодексіне сіздердің алдарыңызда қол қояйын деп отырмын. Мұндай рәсімді біз тұңғыш рет жасап отырмыз. Себебі, бұл кодекстің маңызы ел үшін өте зор. Бүкіл Қазақстан үшін мәні зор», - деді Елбасы. Осы ретте Мемлекет басшысы үкіметтік емес ұйымдар өкілдерін, бүгінгі шараға қатысып отырған адамдарды жаңа Заңның мәнін халыққа кеңінен жеткізуге шақырды. «Барша халқыма айтарым, жаңа Азаматтық процестік кодекс құқық саласын түбегейлі жақсартатын болады. Өздеріңіз білесіздер, мен сәуірде жариялаған «5 реформа», «100 нақты қадам» деген тапсырма бар. Сол жөнінде Парламент жұмыс істеп, 59 заңнаманы қабылдауы қажет. Бұл жұмыс қазір қауырт істеліп жатыр. Сол заңдардың ішіндегі 16 Заңға мен қол қойып үлгердім. Қазіргі қол қояйын деп отырғаным 17-ші заң. Бұл жоспардың маңызды бағыттарының бірі заңның үстемдігін қамтамасыз ету деген тәртіп бар. Жаңа кодексті қабылдау арқылы осы міндетті орындауға кірісеміз», - деді ҚР Президенті.