Н.Назарбаев Вьетнаммен сауда-экономикалық қарым-қатынас болашақта арта түседі деген сенімін білдірді

АСТАНА. 10 қыркүйек. ҚазАқпарат - Вьетнам мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынас жаңа дәрежеге көтеріліп отыр.

Бұл туралы бүгін Ақордада Вьетнам Президенті Чыонг Тан Шангпен кеңейтілген құрамдағы келісссөзден кейінгі брифингте Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мәлім етті. Вьетнам басшысының Қазақстанға тұңғыш сапарына ризашылығын білдірген Елбасы: «Менің өткен жылғы Вьетнамға жасаған сапарыммен, биылғы бұл кісінің келіп отырған сапарының арқасында, екі елдің арасындағы қарым-қатынас бұрын болмаған жаңа дәрежеге көтеріліп отыр», - деп атап өтті.

Н.Назарбаев елдер арасындағы сауда-саттық биыл 100 млн. АҚШ долларына жуықтағанын және бұл көрсеткіш екі есеге асқанын жеткізді.

Таратылған мәліметтерге қарағанда, 2011 жылы екіжақты тауар айналымы 59 млн. АҚШ долларын құрады. Ал 2010 жылы тауар айналымы 38 млн. доллар көлемінде болған.

«Болашақта бұл қарым-қатынас одан да ұлғая түседі деген сенімдеміз», - деді Елбасы.