Н.Назарбаев ветеринарлық зертханаларды салу мәселесіне қатысты Ауыл шаруашылығы министрлігінің жұмысын сынға алды

АСТАНА. 27 қаңтар. ҚазАқпарат /Арман Асқаров/ - Сапалы отандық ет экспортын дамыту үшін ветеринарлық қызметті дамытамыз дедік. Бірақ бүгінге дейін жоспарда тұрған 126 ветеринарлық зертхананың тек 27-сі ғана салынды.

Бүгін Үкімет үйінде жұмыс кеңесін өткізген Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев осылай мәлім етіп, Ауыл шаруашылығы министрлігінің жұмысын сынға алды.

«Ендігі кезекте, қалған зертханаларды тездетіп салып, іске қосу қажет», - деді Елбасы.

«Соңғы жылдары мемлекет ауыл шаруашылығы саласындағы сүт, ет фермалары мен азық-түлік қоймаларының құрылысына біраз қаражат салды. Одан келген пайда бар ма? Біз діттеген мақсатқа жеттік пе? Осыған орай мен Үкімет, облыс әкімдері мен «ҚазАгро» компаниясына бұл жұмысты атқарып, құрылған өнеркәсіптерді тиісті деңгейге шығаруды тапсырамын», - деді Президент.

Сондай-ақ Н.Назарбаев, жерді жалға беру мәселесіне ерекше тоқталып, олар алдағы көктемгі егін жұмыстарына дайын болуы қажеттігін қадап айтты.