Н.Назарбаевқа жұртшылық тарапынан түскен сауалдардың саны 11 мыңға жетті

АНА. Қарашаның 6-сы. ҚазАқпарат /Арман Асқаров/ - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың халықпен тікелей желі арқылы тілдесуіне орай Астанада жұмыс істеп жатқан Байланыс орталығына бүгін,

қарашаның 6-на дейін қазақстандықтардың тарапынан түскен сауалдардың саны 11 мыңға жуықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.   

 Бүгінде халықты жиі мазалап жүрген сұрақтардың басым бөлігі әлеуметтік қорғау мәселесін қамтып отыр. Байланыс орталығына хабарласып жатқан азаматтар Президенттен зейнетақы мөлшерін белгілеу мәселесін шешіп, зейнеткерлікке шығу жасын әйелдер үшін 53-55-ке және ер адамдар үшін 60-жасқа дейін төмендетуді сұрайды. Себебі елуден асқан зейнет жастағы адамдардың көбісін жұмысқа алмайды. Ал қызметте жүргендерді жұмыстан босатуға тырысады. Осының нәтижесінде еліміздегі егде кісілердің басым бөлігі жұмыссыз қалып, зейнетақыға шығу мерзімін 8-10 жылға дейін күтіп отыруға мәжбүр. «Осы уақыт аралығында біз жұмысқа орналаса алмай, қиын жағдайға тап боламыз. Бізбен қатарлас азаматтардың көбісі зейнеткерлікке жете алмай жатады», дейді олар. Осы салада зейнеткерлікке шыққан әскери азаматтардың да қордаланып қалған проблемалары баршылық.

Естеріңізге сала кетейік,  2009 жылы  қарашаның 13-і күні Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев «Қазақстан», «Хабар», «Астана қалалық теледидары» телеарналары және «Қазақ радиосы», «Астана радиосы» бойынша өтетін тікелей эфирде азаматтардың телеэфир, телефон интернет және СМС хабарламалары арқылы түскен сұрақтарына жауап беретін болады. Сұрақтарды республика бойынша 7 (7172) 555-777 телефоны мен  KCell, Beeline, Neo, Altel ұялы байланысын пайдаланушылар үшін СМС хабарламалары арқылы 1111 нөміріне жіберуге болады. Сондай-ақ  
www.line.gov.kz сайтының тиісті тармағын пайдалана отырып, бейнесұрақты жолдауға болады. Ал жазбаша сауалды vopros@akorda.kz электрондық мекенжайына жіберуге мүмкіндік бар.

Айта кетейік, «Қазақтелеком» ұсынған байланыс тегін болса, ұялы телефондарға арнайы төлемдер қарастырылған. «Тікелей желі» кезінде Елбасының назарына ілікпей қалған сауалдарға тиісті мемлекеттік органдар бір айдың көлемінде жауап әзірлеп, сайтқа орналастыратын болады. Ал Интернеті жоқ ауылдық жерлер үшін әкімдіктер жанынан қоғамдық қабылдау бөлімдері ашылған.

Байланыс орталығының хабарлауынша, халық тарапынан түсіп жатқан сауалдардың ішінде қайталанатын мәселелер және тест үлгісіндегі сұрақтар көп болғандықтан, кейбір сауалдар қайтарылып жатыр.