Н. Назарбаевтың көшбасшылығы жалпыға мойындалған факті - К. Сағадиев

АСТАНА. Мамырдың 12-сі. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Н. Назарбаевтың көшбасшылығы жалпыға мойындалған факті. Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасының қызметін қамтуға байланысты заң жобасын талқылау барысында депутат Кенжеғали Сағадиев осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Депутаттың айтуынша, «Елбасы-Ұлт көшбасшысы» деген термин мен лауазым Парламент Мәжілісінің қабырғасында пайда болған дүние емес, бұл еліміздің түкпір-түкпірінде айтылып, қолданылып жүрген лауазым.

«Сонымен бірге, бұл өткен ғасырдың ортасынан бастап бүгінгі күнге дейін күнделікті қолданылып жатқан, кейбір мемлекет қайраткерлерінің ерекше орнын көрсету үшін қолданылатын лауазым. Оның негізі біздегі азаматтық қоғамның дамуына да барып тіреледі. Осы азаматтық қоғамның арқасында Қазақстанда Мемлекет басшысы жалпыхалықтық сайлау арқылы анықталады. Дегенмен, көптеген елдерде Елбасылар да, Көшбасшылар да бар. Ал Н. Назарбаев туралы айтатын болсақ оның Елбасылығы, Ұлт көшбасшылығы - бұл жалпыға мойындалған факті», деді К. Сағадиев.