Н.Назарбаевтың Жолдауы - ілгерілеу жолындағы ел қозғалысын белгілейтін құжат - «Белмагистральавтотранс» ААҚ бас директоры Н.Горбель

МИНСК. 4 ақпан. ҚазАқпарат /Айтуар Мамлин/ - Н.Назарбаевтың жыл сайынғы Қазақстан халқына Жолдауы - ілгерілеу жолындағы ел қозғалысын белгілейтін құжат.

ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында «БАМЭ» Халықаралық экспедиторлар мен логистер қауымдастығының төрағасы, «Белмагистральавтотранс» ААҚ бас директоры Николай Горбель осындай пікірін жеткізді.

Оның айтуныша, әлемдік экономикада посткеңестік кеңістіктегі мемлекеттермен жан-жақты ынтымақтастық орнатпаса болмайды, ал бұл орайда алдыңғы орын Қазақстан Республикасына тиесілі.

«Мен бар назарымды сала отырып, Нұрсұлтан Әбішұлының кезекті Жолдауын оқып шықтым, бұл құжат шынайы мақсаттарды ғана көздеп емес, болашақта сол мақсаттарға жету жолдарын да айқындап береді. Жолдаудағы «мықты бизнес-мықты мемлекет» деген ұстаным Беларус Республикасы бизнес өкілдерінің назарын аударды. Өз сөзінде ҚР Президенті сондай-ақ Қазақстан, Беларус және Ресей арасындағы Кеден одағы жұмысын бастағанын атап өтті, бұл одақтың жұмысы өзара тауар айналым көлемінің артуына мүмкіндік берді. Достас Қазақстанның жаңа биіктерден көрінуіне және діттеген мақсаттары мен жоспарларының барлығын жүзеге асыруына тілектеспін», - деп атап өтті Н.Горбель.